Министр жастарды діни фанатизмнен аулақ болуға шақырды

22 қыркүйек. KAZISLAM – Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бүгін Ақтау қаласында тұңғыш рет өткізілген Каспий жағалауы елдерінің бірінші Халықаралық жастар форумында жастарды дін фанаттары мен экстремистік ұйымдардан аулақ болуға шақырды. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бүгін Ақтау қаласында халықаралық форумға қатысуда. Сондай-ақ, форум жұмысына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Әзербайжан Республикасы Жастар ісі және спорт министрінің орынбасары Интигам Бабаев, Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев, Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының бас консулы Махмуд Адиб қатысты. Нұрлан Ермекбаев форум қатысушыларына арнап құттықтау сөзін сөйледі. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Теңіз жерлерді бөлгенімен, халықтарды бөле алмайды, керісінше оларды табыстырады» деп айтып жүреді. Елбасының бұл қанатты сөзі мыңжылдықтар бойы біздің мемлекеттеріміз арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастың маңыздылығын білдіреді. Ақтау қаласында өтіп жатқан Халықаралық форум Каспий жағалауындағы елдердің жастары арасында достық байланысты нығайтуға бағытталған. Осы форум арқылы жастарымыз бір-бірімен өзара әріптестік орнатып, және өздері еңбек етіп жүрген әр сала бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады» деді Нұрлан Байұзақұлы. Министр жастарға Каспий жағалауы елдерінің әріптестік мәселелерін тақылау үшін жұмыс бабында жиі кездесулер өткізіп тұруға ұсыныс білдіріп, Қазақстан тарапынан үнемі қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. «Еліміз қазіргі уақытта «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Аталған бағдарламада прагматизмді дамыту тұрғысында заманауи талаптарды ескере отырып, ұлттық мәдениет пен тарихымызды сақтап қалу жолындағы жұмыстарға ерекше ден қойылған. Жазуды латын қарпіне көшіруге дайындық жүргізілуде. Ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша жұмыстар қолға алынбақ. Осылайша, Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерінің табиғи және географиялық артықшылықтарын пайдаланудың маңыздылығын растайды» деді Н.Ермекбаев. Нұрлан Ермекбаев елдің даму жолында жастардың маңызды рөлге ие екендігін де атап өтті. «Жас ұрпақтың білімді, сауатты болуы, этникалық және діни айырмашылықтарға төзімділік және ізгілік танытуы маңызды. Жастарымыз дін фанаттары мен экстремистік ұйымдардан бойларын аулақ ұстауы тиіс. Сондай-ақ, жастардың әрбірі ешкімнің қысымынсыз, өздерінің дінге және діни сенімдерге деген қөзқарастарын ойналып барып айқындаулары қажет» деді Дін істері және азаматтық қоғам министрі. Шара соңында Нұрлан Ермекбаев форум қатысушыларының жұмысына табыс тіледі. Айта кетсек, айтулы шараны Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және Алматы Менеджмент Университеті ұйымдастырып отыр. Форумның мақсаты – мәдениетаралық диалогты қалыптастыру, жастар саясаты саласындағы инновацияларды таныстырып, үздік мамандармен тәжірибе алмастыру, жастар ұйымдары мен Каспий жағалауы елдері жастарының достық әріптестігін нығайту. Ақпарат Kazislam.kz сайтынан алынды.