Әдеп туралы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезде елімізге жаңа мәртебемен қоса зор жауапкершілік пен мол міндеттер де жүктелгендігі бәрімізге мәлім. Осындай ауқымды міндетті жүзеге асыру, зор жұмысты атқару тек кәсіби, білікті әрі қиыншылықтар мен түрлі жүктемелерге төтеп бере алатын мемлекеттік қызметшілер аппараты ғана жүзеге асыра алатыны сөзсіз. Сондықтан да Президент өзінің алғашқы Жолдауынан бастап жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдауларында мемлекеттік қызметшінің бейнесін нақтылай түскендей болды. Тәуелсіздіктің алғаш күндерінен бастап Президент ең бастысы елімізде тәртіп, ал қызмет басында – бірлік, біліктілік пен төзімділіктің болуын қалады және осы ойын әрдайым маңызды әрі ресми құжаттар, баяндамалар, үндеулер арқылы халықтың, мемлекеттік қызметшілердің назарына жеткізіп тұрады.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға тиіс.Қоғам адамдардың қауымдастығы болғаннан кейін, мұнда адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі бір этикетті сақтайды. Этикет дегеніміз – тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдардың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан, этикет этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдардың бір-біріне нұқсан келтірмейтін қоғамда тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру - мүмкін емес, себебі егер қоғамда этика сақталмайтын болса, адамдардың арасындағы қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыдан бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Мысалы, үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, адамдардың қызығушылықтарын балағатпау және т.б.
Этиканы сақтау өмірдің әр саласында әр түрлі. Күнделікті өмірдің өз этикасы, әр қызметтің өз этикасы, белгілі бір ортаның өз этикасы, әр халықтың жеке этикасы және этикет принциптері болады. Этикетті сақтау қызмет бабында өте маңызды мәнге ие болып табылады.
Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы оның этикеті басты назарды аудартады. Мемлекеттік қызметкер әр түрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, аса үлкен дайындықпен қызмет атқаруы тиіс. Сонымен қатар адамгершілік құндылықтар, адамға деген мейірімділік, оның жанын түсіну, көмек беруге ұмтылу, әр жұмысына адал болу және т.б. адамгершілік қасиеттері – оның басты этикалық құндылықтары болып табылады. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесін мен киімінің тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу, анық әрі түсінікті, жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызмет-кердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этикет жүйелеріне жатады. Осы жылдың басынан бастап мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексі заңды күшіне еніп, қолданыла басталды. Осы аталған заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерінiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар жоғарылай бастады. Әдеп кодексі жалпы ережелер, мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық және көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары деп аталған бес бөлімнен тұрады.
Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті екен. Оның ішінде қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болу тапсырылған. Сондай-ақ, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, өсек тасымай, біреуді сын айтқаны үшін қудаламай және мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалану нақтыланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметші жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі, қол астындағыларды кемсітпеуі және қызметкерлердің барлығына құрметпен қарауы тиіс.Ал, ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің жеке өміріне байланысты талаптар тіпті күшейген. Сондай-ақ, оларға көрінген жерде қызметтік куәлігін алға тартып, лауазымын пайдалануға шектеу қойылып отыр.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік орган басшыларының өздерінің және бағыныстыларының мемлекеттік қызмет этикасы нормаларын сақтауы үшін жауапкершілігін арттыратынын атап өту қажет. Мемлекеттік қызметкерге жалпы қабылданған этикет сақтау өте маңызды, себебі ол тікелей адаммен жұмыс жасайды және әр түрлі адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл-әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы да адамға нұқсан келтірмейтіндей қызмет ету керек. осы аталғандардың барлығын сақтау үшін этикеттің принциптерін ұстану керек.
Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!» деп Елбасы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың «ақ туын» абыроймен ұстауымыз қажет.