ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫЛАРҒА СЫЙЛЫҚ ТАПСЫРЫЛДЫ.

Кеше елордада исламдық қаржыландыру саласындағы жаһандық сыйлықты тапсыру салтанаты өтті. «Бүгінгі ислам қаржы институттарының қызметі мұсылман әлемі елдерімен ғана шектелмейді. Олардың жұмысы Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Франция, Австралия мен Үндістанға да кеңінен қанат жайып отыр. Әлемнің үздік 100 банкінің бірқатары өз құрылымдарына ислам бөлшектерін енгізген», деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев шараның ашылу рәсімінде. Президенттің айтуынша, 2009 жылдан бастап исламдық қаржыландыруды қолға алған Қазақстан бүгінде ТМД мен Орталық Азия бойынша көшбасшы мемлекетке айналды. Ал ислам инвестициялары үшін қолайлы жағдай жасау жағынан әлем бойынша 5-ші орынға көтерілді. Зерттеулерге сәйкес, 2025 жылға дейін Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың әлеуеті 23 млрд долларға жетеді. «Қазір Қазақстанда банкинг, сақтандыру, лизинг салаларында бірнеше ислам қаржысы институттары жұмыс жасауда. Менің бастамаммен «Әл-Хиләл» банкі құрылды. 2012 жылы Қазақстанның даму банкі алғаш рет Сукук ислам облигацияларын шығарды. Қазіргі кезде жалпы соммасы 240 млн Малайзия ринггитін құрайтын облигациялар сәтті өтелді. 2018 жылы 300 млн долларға дейін «Сукук» құнды қағаздарын шығару жоспарлануда», - деп атап көрсетті Елбасы. Мемлекет басшының сөзіне қарағанда, елімізде Ислам даму банкінің 500 млн доллардың 23 жобасы іске асырылды. 900 млн долларды құрайтын жаңа 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығына да ислам қаржысы құйылатын болады.Ақпарат Kazislam.kz сайтынан алынды.