Астанада Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді

10-11 қыркүйек күндері Астанада алғаш рет Ғылым және технологиялар бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетсек, ИЫҰ саммитін ұйымдастыру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты 2016 жылдың сәуір айында Ыстамбұлда өткен ИЫҰ XIII Саммитінде жеткізді. Астаналық ИЫҰ саммитіне барлық мемлекеттер-ИЫҰ мүшелері, атап айтқанда 35 ел, бақылаушы-мемлекеттер және бірқатар басқа халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері шақырылды. 10 қыркүйекте саммиттің қатысушылары Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу салтанатына қатысады деп күтілуде. Еске салсақ, Қазақстан 1995 жылдан бастап ИЫҰ-на мүшелік етеді. Қазақстан 2011-2012 жж. ИЫҰ СІМК-нің 38 сессиясына төрағалық етті. Оның барысында штаб-пәтері Астанада орналасатын азық-түліктік қауіпсіздік бойынша Ислам ұйымын құруға ұсыныс білдірілді.
Ақпаратты Kazislam.kz сайтына алынды.