Оқушы қыз тәрбиесі – орасан жауапкершілік

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат
− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Таяуда жарияланған ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары қоғамдық пікірге біршама қозғау салды. Мәселенің мән-жайын бірқатар мамандар айқындап беруге тырысты. Әрі сарапшы, әрі дін саласының маманы ретінде осы мәселеге түйінді көзқарасты Сізден естігіміз келеді...
– Мәселеге ешбір эмоциясыз, сарабдал сана көзімен қарасақ, ашығы сол –мектеп формасына қойылатын талаптарда ешқандай өзгеріс болған жоқ.Неге дейсіз бе?
Қазақстан Республикасының Білім туралы заңының сонау 2007 жылғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген болатын. Ол қағидалардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау еді.
Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV Заңмен Білім туралы заңға толықтырулар енгізілді. Енді заңның 47-бабының15-1-тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті» деген ережелер атап тұрып енгізілді.
2015 жылдың 13 қарашасында мәселені одан әрі нықтай түсіп, Білім заңының5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.
Сондықтан мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады. Оны жаңа талап ретінде жатырқай қабылдаушылар шыққанда өз басым: «Осынша уақыттан бері базбір ата-аналар Білім туралы заңнан бейхабар болып немесе орындамай келген бе?» деп таң қалдым.
− Ал талаптардағы «діни атрибутиканың қолданылмауы қажет» дегенге қатысты не айтар едіңіз?
– Сол мәселеге қарай ойысып келеміз. Мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни атрибутиканың қолданылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенді білдіретіні санасы сау қазаққа бесенеден белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды ғой. «Форма» ұғымы соның бәрін реттейді. Дұрысы, бұрыннан реттеп келген.
Форма тек мектепке тән ерекшелік емес. Көптеген кәсіби салалық мекемелер оқу орны, жұмыс орны деп бөлместен, барлық деңгейлерде белгілі бір формаларды сақтауды талап етеді. Оның барлығы кәсіби, техникалық, гигиеналық, тағы басқа талаптардан туындайтыны белгілі.
Мектеп формасының да көтеріп отырған өзіндік әлеуметтік-тұлғалық жүгі бар. Біріншіден, кез келген форма белгілі бір мекемеге қатыстылықты білдіретіндіктен, тұлғаға сол мекеме алдындағы жауапкершілікті жүктейді.
Екіншіден, форма – құқықтық қатынастар шегін айқындайтын бақылау құралы. Қарапайым мысалмен өрнектесек, мектеп формасындағы бала сабақ уақытында көше кезіп жүрсе немесе компьютер клубында ойын ойнап отырса, кез келген учаскелік полиция қызметкерінің оның мән-жайын сұрап, қадағалауға құқығы бар.
Үшіншіден, біртекті форма мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік тұрғыдан жіктелуіне, психологиялық қысымдардың орын алуына жол бермейді, яғни «бұлақ бастан бұлғанбас» үшін форманың сақталуы қажет-ақ.
Тізе берсек, басқа да артықшылықтарды атауға болады, бірақ оның барлығы қарапайым қоғам мүшесіне де белгілі. Сондықтан қайыра айтарым –мектеп формасына қойылатын талаптарға жер астынан жік шыққандай таң-тамаша болудың реті жоқ.
− Арандатушы секілді көрінсе де кезекті бір сауалды қойғым келіп отыр. Кезінде кейбір азаматтар мектепте хижабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық ретінде бағалап жатты. Бұған не дейсіз?
– Арандатушы емес, алаңдатушы сауал бұл. Құқықтық сауаттылықтың қарапайым деңгейін игермегеніміздің көрінісі.
Құқықтық мәселелерді қозғағанда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін психологиядан арылуымыз керек. Өзімізге керек нәрсені ғана көріп, керек еместі жылы тауып қойғаннан жағдай өзгермейді. Мәселеден қашу емес, оны шешу керек.
Басын ашып алатын бір мәселе – Ата Заңда «діни сенім бостандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Яғни сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген. Керітартпа пікірлерге арбалған кей азаматтар осы екінші ережені көргісі келмейді.
Ата Заң ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылғаназаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып Білім туралы заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар.
Дәл осы секілді Ата Заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығыатап көрсетілген.
Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген... жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан Білім туралы заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді.
Әрбір саналы азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқаны абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.
– Бұл бір сәті түскен сауал мен көкейден шыққан жауап болды. Ендігі түйткіл: Хижаб кию мұсылмандықтың тікелей көрінісі болып санала ма? Неге бұл мәселені кейбір тұлғалар осы мағынада көтеруге тырысады?
– «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды» деген сөз көкейге оралады осындайда. Осындай сауалдың түбі бір қойылатынын біліп, атамыз қазақ талай-талай түйінді сөз айтып кетті ғой.
Дегенмен алдымен ислам қағидаларына жүгінейік. Ислам шариғаты бойынша «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құқығы жоқ. Яғни иман келтіру – мұсылмандықтың негізгі шарты.
Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының негізін салған Әбу Ханифа (Имам Ағзам): «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман» деп жазады.
Енді хижаб мәселесіне келейік. Мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырылғандықтан, ол парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен (біздің мысалымызда – мектеп формасын сақтау қажеттілігінен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз баламұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни жүрегінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кәпір» деп айыптауға болмайды.
Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары болып табылады. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше (болған жоқ, яғни) діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ».
Имам Ағзам әйелдердің белгілі бір жағдайларда Алла Тағаланың рұқсатымен намаз оқи алмайтынын – парыз амалды орындамайтынын айта келіп: «Егер иман мен амал бір десек, намаз оқымай жүрген кездерінде әйелді иманы жоқ деуге тура келер еді. Бірақ бұл олай емес, сондықтан иман мен амал бір емес» дейді.
Осы қисынмен пайымдасақ, мұсылман ер адамдардың да парыз амалдарды орындай алмайтын кезі болады. Мысалы, сапарда жүргенде Рамазан айының парыз болған оразасын ұстай алмауы мүмкін, бірақ сол кезеңде парыз амалды орындамағаны үшін оны «иманы жоқ» деп ешкім айыптай алмайды.
Орамалға қайта оралайық. Егер орамал мұсылмандықтың басты көрінісі болса, иманды жүректен бір сәт те өшіруге болмайтыны секілді, орамалды бір сәт те шешуге рұқсат берілмес еді. Бірақ ислам шариғатында олай емес – балиғатқа толған қыз бала мен әйел адам жақын туыстарының көзінше (ер адам болса да) орамалсыз, тұмшаланбай жүре алады. Бұл туралы талай дәлел-дәйектер келтіруге болады, бірақ ұзын сөздің қысқасы – иман орамалмен бірге алынып-салынып тұратын заттық дүние емес.
– Өкінішке орай, орамалды мұсылмандықтың тікелей көрінісі санайтын жаңсақ түсініктер қоғамда кездесіп жатады...
– Иә, оны да мысалмен өрнектейік. Өткен жылы мектептегі орамал мәселесіне қатысты бір әке – аты дардай заң ғылымдарының кандидаты былай деп жазыпты: «Бізге қызыңыз үйде, көшеде хижаб кие берсін, тек мектепте форманы сақтасын» дейді мұғалімдер. Біз қалайша қызымызға үйде мұсылман бол, мектепте мұсылман болма деп айтамыз?» Осы сөздерді оқығанда иман мен ислам жөніндегі түсінігіміздің осыншалықты құлдырап, қарапайым ислами ұғымдарды ажырата алмайтын қарабайыр деңгейге қашан түсіп үлгергенімізге таң болдым. Соны жазған әке – исламның негізгі шартын ұқпаған, діннің не екенін сезінбеген жан өзін кәміл мұсылманмын деп есептейді! Бұдан төмен тағы қайда барар екенбіз?!
Мұсылмандықтың не екенін Хақ діннің Елшісі – Мұхаммед пайғамбардан артық білетін адам жоқ. Сол пайғамбардың өзі: «Мұсылман дегеніміз – қолымен және тілімен мұсылманға залал келтірмеген адам» деген. Ал біз ол ұғымнан алыстағаннан алыстап барамыз... Біз мұсылмандықты тек формамен байланыстыруға әуестеніп алдық.
Исламның шынайы рухын терең сезінген кешегі қазақ «иманды» деп жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтқан. Аталарымыз қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді», деп риякерліктен тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ» деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеген еді...
2015 жылдың 7-8-желтоқсанында біздің орталық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарамағындағы діни сауат ашу курстары мен діни оқу орындарының ұстаздарына, мұсылман әйелдер бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған оқыту семинарын өткізді. Сонда діндар ұстаздар қазіргі мешітке келушілердің сырт адамдар туралы сөз бола қалса, «мұсылман ба, мұсылман емес пе?» деп сұрауды үрдіске айналдырғанын, яғни бес уақыт намаз оқымайтын ерлер мен әйелдерді, орамал тақпайтын әйелдерді мешіт жамағатындағы бірқатар адамдардың «мұсылман емес» деп санайтынын қынжыла жеткізген болатын. «Радикалдану үдерісі мешіт жамағатынан басталмас үшін «мұсылман» ұғымы жөнінде ҚМДБ-ның ресми ұстанымы шығарылуы керек, бұл тақырыпқа арнайы уағыздар айтылуы қажет» деген ұсынысты да сол ұстаздардың өзі айтқан болатын. Діни басқарманың құлағына алтын сырға...
– Мектеп жасындағы қыздар қатарында хижаб кигісі келетіндер саны қанша? Оған зерттеу жасалған ба?
– Өткен жылы біздің орталық еліміздің барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей іс-шара өткізді. Шаралар барысында 2105 адамнан сауалнама алынды. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын.
Бір ерекшелігі, сауалнама алу кезінде да, фокус-топтық талдаулар барысында да оқушылардың еркін сөйлеуіне, ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берілгеніне және сауалнамалардың анонимді түрде толтырылғанына қарамастан оқушылар тарапынан бірде-бір рет хижаб кию мәселесі көтерілмеді.
Бұл мәселе сауалнамаға қатысқан 305 жергілікті тұрғын тарапынан да көтерілген жоқ. Мәселеге тек фокус-топтық талдауға қатысқан 330 мұғалімнің бірнешеуі назар аударды, оның өзі «Мектепте хижаб кию мәселесі көтерілген жағдайда оған қандай заңдық негіздер бойынша жауап берген жөн?» деген алдын алу шараларына қатысты сауал болды.
Айтылғандардан аңғаратынымыздай, мектептегі орамал мәселесіне қатысты айтарлықтай қызығушылық үрдісі байқалмайды, сондықтан тұрғын халықтың осы мәселе толғандыратын бөлігінің пайыздық көрсеткішін анықтау мүмкіндігі жоққа тән. Бәлкім, бұл көрсеткіш 0,01 пайызды да құрамас. Ал керісінше ел аумағындағы 8000-ға жуық мектептің басым бөлігінде хижабқа қатысты мәселе мүлде кездеспеген.
Бұл мәселені қоздырып, қоғамдық пікір туындап жатқан секілді етіп көрсетіп, санаулы адамдардың көмегімен қолдан пікірталас ұйымдастырып жататындар көп жағдайда заң талаптарын толық түсіріп-білмеген, діннің формалық жағына мән беріп, мазмұндық қырын назардан тыс қалдырған азаматтар немесе ішкі тұрақтылыққа сына қаққысы келетін мүдделі тұлғалар болып табылады.
– Мектеп жасындағы қыздардың хижаб киюі оның сыныптастарына, өзіне қалай әсер етеді?
– Ең күрделі мәселе де осы. Бәрінен бұрын бұл хижабты қыздың өзіне ауыр. Сыныптастарының оған тосырқай қарауы да, шеттетуі де мүмкін. Базбіреулерімен тіл табысар, кейбірімен қарым-қатынасы шектеліп қалары сөзсіз. Хижабты оқушының мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен мәмілеге келуі де мүмкін болмайды. Өйткені олар заңды негізде мектеп формасын сақтауды талап етеді. Ата-аналары ары тартады, ұстаздары бері тартады, екі оттың, сыныптастарын қоса алғанда үш оттың ортасында қыз бала қалады. Оқушылық өмірдің ең жақсы кезеңдері осылай сергелдеңмен өтеді.
Ал мұндай жағдайда баланың санасы қалай қалыптасарын ойлап көрдік пе? Ол екіге жарылмақ. Екі жағы да оңды емес.
Егер қыз бала ата-анасының ұстанымымен толық келіссе, өзін тура жолда жүрмін деп санайды, демек басқалардың бәрін адасқандар ретінде қабылдай бастайды. «Менікі ғана дұрыс, басқалардыкі жөн емес» деген астам әрі тұйық пікір қалыптасады жасөспірім қыздың бойында (Мұхаммед пайғамбардың: «Көкірегіңізде тарыдай менмендігіңіз болса, жұмаққа кірмейсіздер» деген хадисі еріксіз ойға оралып отыр). Дәл осы «менікі ғана дұрыс» деген пікір талай шетін көзқарасқа негіз болғанын да ұмытпайық. Ұстаздардың мектеп формасына қатысты талаптарынан құлағы жауыр болған қыздың зайырлы мемлекетке өкпесі қара қазандай тұлға болып жетілмесіне кім кепіл? Сол өкпе ертеңгі күні оны да осы ортаны тәрк етіп, Қазақстанды кәпірстанға балап, араб елдеріне хижра жасатпайтынына кепілдігіміз бар ма? Құдай бетін аулақ қылсын, ондай нәубеттің соңы айтпаса да белгілі...
Енді екінші жағына келейік. Егер қыз бала ата-анасының хижаб киюге қатысты ұстанымымен келіспесе, бірақ сыйлағандықтан немесе қорыққандықтан еріксіз олардың ырқына көнсе (ондай мысалдар да кездеседі), жасөспірім санасында отбасындағы түсініспеушілік пен жалғыздықтан туындайтын барлық психологиялық дерттер дамиды. Бала өзін отбасында бақытты сезініп өспесе, «Тайбурылдың қырық үш күн кемдігінің» орны толмайтыны секілді оның санасы ұдайы бақытсыздық пен жалғыздық сезімдеріне бейім болады. Бұған мектеп формасын сақтауды талап етуден туатын келіспеушіліктерді, қатар-құрбының қату көзқарасын тағы қосыңыз...
Балиғатқа толған қыз баланың мектеп табалдырығында жүретін бал дәурені – орта есеппен екі жыл, оның ішінде әр жылдың тоғыз айындағы сабақ күндерінің бес-алты сағаты ғана. Сол сағаттарды жасөспірімнің сын сағаттарына айналдырмайық. Тұлғалық болмысы толық қалыптаспаған балаң сананы сергелдеңге салмай, қыздарымызға тыныштық берейік. Оқушылық өмірдің қиындықтары онсыз да аз емес. Қалыптасу кезеңінен өтсін де, бойға жеткен қыз бала тура жолды саналы түрде таңдасын. Сонда ол ешқашан адаспайды.
Қыздарының мектепте орамал таға алмағанына ренішті ата-аналарға айтар едім: Егер үйде берген тәрбиеңіз түзу болса, қызыңызды иман негіздерімен отбасында сусындата білсеңіз, оған жасынан шынайы рухани тәлім берген болсаңыз, оның мектепте орамалсыз жүрген бес-алты сағаты қанына сіңген имандылықтан бір қадам да алыстата алмайды. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ал отбасы тәрбиесі түзу болмаса, имансыздық дертінен баланы сандыққа салсаң да сақтап қала алмайсың.
– Түйін сөзіңіз?
– «Өспейтін бала өнбейтін дауды қуады» дегізбей, болар елдің баласына тән басалқалы мінез танытайық. Кешегі жер дауы мен жесір дауына бүгін хижаб дауын қолдан қосып, буынсыз жерге пышақ ұрмайық. Қазақтың өзге дерті де аз емес. Жанашыр болсақ, соларды емдейік.
Мемлекетіміз мектептен тыс жерде орамал тұрмақ, бес парыздың ешбіріне тыйым салып отырған жоқ, керісінше барлық азаматтармен қатар мұсылмандардың сенім бостандығына барынша жағдай жасап отыр. Дін-қарындастарымыз сол ізгі заңдарды игілігіне тұтынсын. Сөйтсін де сондай мемлекетті нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкіршілік танытып, бейбіт Отанына адал қызмет етсін. Өйткені Мұхаммед пайғамбардың хадисінде айтылғандай: «Отанды сүю – иманнан»...
Әңгімелескен Самат МҰСА,
27.04.2016
egemen.kz сайтынан
Добавлено: 
17.05.2016 - 05:00
Последние изменения: 
17.05.2016 - 05:00