Ғылымға көңіл бөлу - Ол дамудың кепілі

Бұл хабарды естіп бөрігімізді аспанға аттық. Дін саласында еңбектеніп, тер төгіп жүрген бірқатар азаматтардың көптен күткен мақсаттары да орындалған секілді. Себебі "Дін" деген сөз "Білім, ғылым" деген сөздің синонимі іспеттес. Екеуі бір-бірінен ажырамас атрибуттар болып табылады. Дүнияны ақылдылығы һәм тапқырлығымен таң қалдырған Эйнштейннің өзі Алланың алдында түкке тұрғысыз бір құл екеніне көзі жеткен кезде "Ғылымсыз дін соқыр - дінсіз ғылым ақсақ" деген тұжырымға келген. Дін адамның рухани сұранысын қанағаттандыратын, Жаратушысының жаратылғандарына силаған бір "Нақли" рахымы болса, әлбетте оны ақыл парасатсыз түсіну мүмкін емес. Бұл жайында Ұлы Жаратушымыз Ағраф сүресінің 52 аятында былай дейді: "Біз оларға Кітап түсірдік. Оны біліммен түсіндірдік, иман келтіргендерге рақым және дұрыс жолбасшы еттік". Міне бұл аятта Алланың түсіргенін тек білім иелері ғана түсініп, екі дүниесі үшін және үммет үшін пайдалы етіп қолдана алатындығы анық айтылуда. Алла адамды өте күрделі және өте көркем бейнеде жаратқан. Барлық жаратылғандардың ішінен бізді абзал етіп тұрған да осы ақыл болып отыр. «Назиғат» сүресінің 27 - аятында Раббымыз былай баяндайды: «Ей қайта тірілуге сенбейтіндер! Ойланып ақылға салыңдар! Сендерді қайтадан жарату қиын ба? Жоқ әлде аспанды ма? (көз салып, қараңдаршы) Алла аспан әлемін қалай мықты етіп жаратқан». Көргендеріңіздей "Ойланып ақылға салыңдар!" - деген сөз тіркесі бізің ақыл иесі екендігіміз және оны қолдануымыз керектігі меңзеліп отыр.
Ислам дүниесіндегі үлкен екі мектептің қалыптасқаны тарихтан бізге белгілі "аһл ал-Хадис" Мәдинада қалыптасқан мектеп және "аһл ар-Рой" Иракта қалыптасқан мектеп. Осы мектептердің дүние мұсылмандарының арасында өміршең әрі көп тарағаны "аһл ар-Рой" мектебі. Жер шарындағы мұсылмандардың 4/3 яғни Ханафи, Шафиғи және Мәлики мазһабтарының барлығы дерлік осы мектепте болған. Жоғарыдағы "Ойланып ақылға салыңдар!" дегенаяттарды басшылыққа ала отырып, құранды түсінуде ақылға ерекше орын берген. Осылайша ғылым мен білім дамып, қоғамда надандық пен қараңғылықтың дерті жойылып, ислам әлемін нұрға шығарған.
Бүгінгі мына білімге деген нақты қадам тәуелсіз қазақ елінің өсіп-өркендеуіне орасан зор үлесін қосады деген сенімдеміз. Расында діни білім мен ғылымның сапасын көтермей, негізгі қайнарларды (Құран және сүннет) түсіну үшін қолданылатын усулдерді (әдістер) оқыту жүйелерін дамытпай қоғамдағы проблемаларды шешу мүмкін емес. Қазіргі таңда, жастардың дінге деген қызығушылығы, сұранысы ерекше. Бұл сұранысты уақытында дұрыс ақпараттармен қанағаттандырмаса, құранды және сүннетті дұрыс түсінуде қолданылатын әдістерді уақытында үйрете білмесек, бүгінгідей аяттарды тікелей түсіну арқылы "Такфир", "Муджасим" секілді мәселелер жалғаса береді. Сол үшін мейлінше халықтың білімін арттыруға, оларды сауатты етуге тырысу керек. Өйткені ғылым мен надандық бір ортаға симайды. Қайсысы дамыса екіншісі өздігінен жойылады.
Бүгін тұжырымдаманы алып түгелдей оқып шықтым. Аталған тұжырымдаманы жүзеге асыруға біздің барлық мүмкіндігіміз бар. Енді осы тұжырымдаманы басшылыққа алып, сонау ғасырлардан бері бабаларымыз оқыған асыл қайнарлардың негізінде сапалы оқу бағдарламасын түзіп, ахундар, ишандар мен хазіреттерді өзімізде дайындайтын уақыт жетті. Бұл топырақ небір Бухарилер мен Тирмизилерді, Әл-Фарабилер мен Қашқарилерді баптап шығарған киелі топырақ. Ендеше Алла ісімізге берекет берсін.
Төлеген Талдыбаев,
дінтанушы