Достастық мемлекеттердегі ортақ діни мәселелер және оларды шешу жолдары

Достастық мемлекеттердегі ортақ діни мәселелер және оларды шешу жолдары
Дін кез келген мемлекеттің елдігін сақтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Өйткені көне тарихта амадардың ру, тайпа болып ұйысуына да діннің ең қарабайыр формасы әсер еткендігі белгілі. Бүгінде адамзат түрлі ғылыми жаңалықтар ашу арқылы техникалық өркениетке қол жеткізсе де дінге деген сұранысы сол қалпында қалып отыр. Сол себепті де, әлем елдері халықаралық деңгейдегі діни одақтар, ұйымдар, кеңестер құрып діннің адамгершілік, өнегелік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудағы әлеуетін зерттеу мен насихаттауда бас біріктіруге ұмтылуда.
Қазақстан Республикасы да Еуроазияның нақ ортасында алуан түрлі мәдениеттер тоғысқан ұлан-байтақ жерде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктірген, әлемге ұлтаралық және дінаралық келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп берген бейбіт мемлекет.
Қазіргі таңда еліміздің әлеуеті артып, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда жетістіктерге жетіп, әлемдік саясат алаңында беделінің өсуіне елдегі ішкі тыныштықтың ықпалы мол.
Еліміз әлем халқының 20 пайыздан астамы ұстанатын ислам дүниесінің бір бөлшегі саналып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы секілді алып ұйымдарды беделді мүшесі ретінде тың бастамалар ұсынуда.
Сондай-ақ, мемлекетте мекен ететін түрлі ұлыстардың төл діндері православие, католицизм, протестанттық, иудаизм секілді дәстүрлі діндерге құрмет көрсетіп, діни келісім мен сыйластық саясатын ұстануда.
Айтылған пікірдің айқын айғағы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен он жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін айтуға болады.
Ағымдағы жылы он жыл толып отырған діндер Съезінің әлемдік деңгейде дінаралық, конфессияаралық келісімді нығайту жолындағы тың бастамалары халықаралық қауымдастық пен белді саясаткерлердің назарын аударуда.
Дінаралық келісімді дамыту бағытындағы жұмыстар әлем елдері, соның ішінде, Тәулелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында үздіксіз жүзеге асуда. ТМД мемлекеттерімен Қазақстан Республикасын географиляқ шекараластық, экономикалық байланыспен қатар, ортақ тарихи кезең де біріктіре түседі. Бұл жарты ғасырдан астам дінсіздік режимінің орнауы еді. Кеңестік жүйе тарқағаннан кейінгі бұл елдердің экономикалық-әлеуметтік жағдайлары және діни ахуалы да бірдей күйде болатын. Қалыптасқан рухани вакуумның орнын толтыру үшін Достастық елдері өз заңнамалары мен басқару органдарын қайта құру үдерісін әртүрлі жүзеге асырды. Алайда, бұл үдерісте аталмыш елдердің барлығына ортақ қадам жасалды, бұл атеисттік жүйеде болған мемлекеттердің барлығы бірдей тарихи діндеріне ресми түрде еркіндік беруі еді. Аталмыш қадам, адам мен қоғам, сәйкесінше, мемлекет дінсіз өмір сүре алмайтынының тарихи және іс жүзіндегі дәлелінің көрінісі болды.
Тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттердің рухани алаңы тез арада бір қалыпқа түсіп реттеліп кеткен жоқ. Өйткені, әркімге дін ұстану еркіндігінің берілуі сырт елдерден түрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді түрде енуіне себеп болды. Бұл көріністің салдары мен себептерімен күрес біздің елемізді қоса алғанда бүгінгі күнге дейін жалғасуда.
Сондай-ақ, ТМД-ға мүше мемлекеттерде бүгінде әлем елдерінде белең алып отырған діни экстремизм мен терроризм мәселесі орын алуда. Мемлекеттердің географиялық тұрғыдан шекаралас орналасуы, ортақ мәселеде біріккен шаралар қолдануды айқындады. Мысалы, ТМД елдері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы секілді халықаралық ұйымдарға мүше болып, сыртқы саясаттағы ұстанымдарды үйлестіру, трансұлттық қылмыстарға қарсы тұру, наркотрафик мәселелерімен қатар, діни экстремистік пен террорлық пиғылдардың алдын-алдын алу сынды түйткілдерді шешуде.
Қазіргі таңда аталмыш мәселемен күресу және алдын алуда ТМД елдері арасындағы халықаралық зерттеу-талдау жобаларын дайындау өзекті болуда. Өйткені, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде діни, ұлттық негіздегі қақтығыстар мен Ресейдің оңтүстік бөлігіндегі (Дағыстан, Шешенстан Республикалары) радикалды топтардың белсенді бой көрсетулері секілді көріністердің сыртқы және ішкі себептерін зерттеу мен талдау қажетті нәтижелер беретіні сөзсіз. Зерттеулердің нәтижесі ТМД елдерімен қатар, әлемдік деңгейде қауіп төндіріп отырған діни радикализм мәселесінің алдын алуға оң ықпал етеді.
ТМД елдері діни экстремизм және терроризммен күресудің ортақ жолы ретінде ғаламтор әлеміне назар аударуы қажет. Себебі, ғаламтор арқылы халықаралық деңгейдегі лаңкестік ұйымдар мен топтар әрекет ететіндігі анықталып отыр. ТМД мемлекеттері халықты ғаламтор арқылы таралатын радикалды идеялардан қорғайтын құқықтық келісімшарт түріндегі ынтымақтастықты жүзеге асырғаны жөн. Нәтижесінде, сайттардың лаңкестік ұйымдарға қатыстылығын анықтайтын ортақ әдістер мен белгілер дайындалып, олардың ТМД елдерінде таралуына бірден тоқтау қоюдың ортақ қызметтері анықталады.
Аталмыш қызметтердің Достастық мемлекеттері арасында лайықты дәрежеде жүзеге асуы осы елдермен қатар әлем елдерінде де діни радикалды идеялардың тарауы мен лаңкестік көріністерінің орын алуын азайтатындығы анық.
Г.Токтарова
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері
Добавлено: 
26.02.2014 - 05:00
Последние изменения: 
26.02.2014 - 05:00